Сократ нақыл сөздері: Сократтың нақыл сөздері

СОКРАТТЫҢ БИЛІК, ЕЛ БАСҚАРУ ТУРАЛЫ АЙТҚАНДАРЫ

Сократ адам баласының табиғатын тануға, адамзат ойының, санасы мен танымының дамуына зор үлес қосқан ежелгі грек ғұламасы. Адам және оның жаны, өмірі, ақыл мен білім, ақиқат деген ұғымдарға, сондай –ақ  қоғам, мемлекет, билік  және  олар  қандай  болуы керек деген сұрақтарға анық  және нақты тұжырымдар берген адам, өзі де адал жүріп, адал өмір сүрген, адамшылық пен өнегелік  үлгісі бола білген жан.

Сократты жанап өткен ғасырда, уақытта және ұрпақта болған емес: У.Шекспир, И.Кант, Жан Жак Руссо мен Л. Толстой, А.Эйнштейн және тағы басқалар Сократ ілімін адам баласының ақыл ойын, сана — сезімін қозғайтын құдыретті ілім, қандай болмасын уақыт пен ғасыр өтпесін адам баласының  қайтып оралып отыратын, адам жаны құлазығанда жаны нәр алатын, рухани дүние екенін айтты. Асыл дана Абайда  өзінің жиырма жетінші қара сөзін Сократқа арнады. 

Қаншама дәуірлер мен ғасырлар өтсе де осы күнге дейін Сократ даналық  үлгісі болып қала береді. Афиндіктер Сократты өлімге кескендерді жер аударды, қазасын көпке дейін қайғырды, дана ойын мойындады, оның шындығына бас иеді, құрметіне қола мүсін орнатады.

Сократ мемлекеттік қызметте жүріп кінәсіз адамдардың өлімге  кесілуіне,  біздің  дәуірден  дейінгі  406 жылы 10 стратегтің және 404 жылы басқару жүйесіндегі 30 тиранның өліміне  ашық қарсы шыққан және Сократтың Пелопен соғысына қатысқаны, оның ерлікпен  шайқасқаны, сондай-ақ  оның өлімі де дана Сократтың  ішкі рухы мен сенімінің  күштілігін көрсетеді.

 Сократ көзқарастарын ол өлгеннен кейін шәкірттері: Платон, Ксенофонт, Аристотель мен  Плутарх және  басқалар адам өміріне және оның санасына қажетті түсініктерді жетілдіре түсті. Олар қазір баршаға мәлім ұғымдар мен түсініктерді алғашқы жеткізгендер деуге негіз бар. Аристотель бұрын грек философиясының бастауында тұрғандар жетіп бақса да Сократты ежелгі грек философиясының  негізін қалаушы деп таныды.

Сократ біздің дәуірге дейінгі 469- 399 жылдары Афинада өмір сүрді. Сократ өмірінің тарихи парақтары осы күнге дейін жұмбақ, алып қашпа сөзге толы, біріншісі, Сократ есімін, оның өлімінен кейін оның шәкірттері  Сократты тым дәріптеп жіберген жоқ па немесе Сократ  бүгінге жеткендей, сондай идеалды адам  болды ма деушілерде аз болған жоқ,  екіншісі, Сократша өмір сүру мүмкін емес деген көзқараста орын алады. Енді біреуі қазірге дейін, әсіресе Кембридж университеті  ғалымдарының зерттеулері  бойынша Сократ  құдайға тіл тигізген адам, ол жасөспірімдерді азғындыққа салғаны үшін заңмен өлім жазасына кесілді, Сократтың іс әрекеті заңсыз, сол кездегі қоғамдық құндылықтарға қайшы, Сократ кінәлі  және ол жала құрбаны емес дейтіндер  де бар. Барша жақсы білетін Сократтың: «Мен ештеңе білмейтінімді білемін, басқалар бұны да білмейді» дегенін бұрып алып, ақылға сыйымсыз, бұл дегенің «Сократтың сандырақтары»  деп жүргендер де жеткілікті еді.  Дегенмен  Сократ есімі өткен  ұрпақ үшін де, келер ұрпақ үшін де «Бұны Сократ айтып еді» дегендермен мәңгі қала береді.

Сократтың қағидаға айналған көптеген ойлары мен көзқарастары осы күнге,біздерге  ауызша жетті, Сократ философияны өмірді қалай сүру қажеттігі туралы ғылым деп білді. Осы шағын танымдық аударма материал арқылы Сократ айтқандардың қандай қоғамда болмасын, қай жерде болмасын  маңызын ешқашанда жоймайтынын және  әркімге қажет екенін тағы бір көрсету болып табылады.  

Aдам жаны туралы

Сократ:  «ең бастысы  — адамның жаны және оның жан дүниесі», «адамның жаны қандай күйде болса, адам өмірінің игілігі соған байланысты», «адам жан дүниесімен бай»  дегенді қайталаудан жалықпады, Сократ адам  жан дүниесімен ғана танылатыны туралы көп айтты.

Сократ: «адам — өте қиын құбылыс, оның санасы субъективтік дүниелерге толы, бірақ адам – өзін — өзі тани алатын рухани құбылыс»  деп санады. Сократ: «Өзіңді танып біл!», «Өзіңді тану – адамшылыққа  жету көзі, адам бақытының кілті»  — дейді. «Адам өзін бақытты етеді, не  сорлы етеді»,-   дегенді бірінші айтқан Сократ. 

Сократтың  пікірі бойынша, әркім өзінің жанын күтуі қажет, әркім өзінің жанын қорламағаны, былғамағаны дұрыс, өйткені жанын қорлаған, былғағандар  қоғамды  бұзады,  ал атақ — абырой, мансап, дүние — байлық іздегендер  өзінің жанын күйзеліске ұшыратады.  «Адам  жан дүниесі  арқылы құмарлығына тыйым салады, жол бермейді, сөйтіп ізгілік пен қайырымдылыққа толады» деп  айтқан  Сократ еді», –дейді Платон. 

Егер де адам жаны жалған, негізсіз сенімдерге толса жан күйзеліске ұшырайды, ал егер де адам жаны негізді сенімдерге толы болса адам жаны  игілікке толатынын айтады. Сократ: «надандық пен жалған сенімге бару — күнә, бірақ адамның  білместігі мен түсінбестігі  үшін  кінәләудің  қажет жоқ»  деп санайды.     

Білім мен ақыл туралы

Сократ бойынша «толып тұрған білімнің бәрі ақыл емес, білімділердің бәрі ақылды емес».  Сократ:  «білім алу  мақсаты – адамның жетілуіне және игілікті  өмір сүруіне  көмектесу» дейді. Сократ өмірде кедей өмір сүрген және қарапайым тұрған адам, даналыққа үйреткені үшін де, оқытқаны үшін де шәкірттерінен ақы алмады.  Сократ дана«Бір ғана игілік бар  – ол білім, бір ғана  зұлымдық бар  – ол надандық»  деп түсінді,  ал « атаққұмарлық  жамандыққа ұрындырады» деп санаған.

Сократ адамның моралдық, этикалық негіздерінде ақыл мен ар ожданның орны бөлек санайды, ол ақыл мен ар — ожданды  адамның адамгершілік негіздеріне кіргізеді, адам ар — ожданы мен  ақылы арқылы адамшылық қалпын сақтайды, «адам ақылының шыңы  – жақсылық пен жамандықты айыра білуінде»  деп айтқан  Сократ.  Кез — келген адал адам өзінің іс қылығына – осыным дұрыс па немесе бұрыс па дегендермен өлшеуі тиіс, осыным  адамға жасалған игілік пе,  әлде адамға жасалған  қиянат па дегендерді басшылыққа алып, өзіне -өзі сұрақ қою тиіс.

Сократ «ақылды»  және  «ақымақ»  деген түсініктер жіктемесін енгізді,  ол: « ақылы  арқылы адам өзінің  күш жігерін, қайратын, құмарлығы мен әуестігін бағындырады, адамға біткен «табиғи бастауларды»   жетілдіреді,  тұлғаға айналады», «адам бойындағы жүріс- тұрыс, мінез –құлық бәрі де  ақылды болу керек», «ақылды жүріс- тұрыс, ақылды мінез –құлық»(этикалық норма) Сократ бойынша: «адамшылық  жүріс — тұрыс, адамшылық мінез –құлық»  (мораль) тең синонимдер. Сократ бойынша: «ақыл мен адамгершілік әрқашан бірге жүреді».

Атақты философ М.Монтень: «Сократ өзінің де және өзгенің де өмірін табиғат, жаратылыс заңдарымен ұштастыруға тырысты, сондықтан да Сократты  Александр Македонскиймен  салыстыруға болмайды, алғашқысы «әлемді өзінің билігі үшін  бағындырды», ал екіншісі (Сократ) «адамның биікке көтерілуіне, жетілуіне  жол көрсетті», әрине екіншісі  әлдеқайда қиынырақ, терең білімді қажет етеді»  — деп жазады «Тәжірибе» атты еңбегінде.   

 

Ақиқат туралы

Сократ:  «Адам  көптің пікірімен, көптің сөзімен  жүрмеуі керек, шындықпен жүру  керек, әділ өмір сүруі  керек»  дейді. Зұлымдыққа зұлымдықпен жауап берудің қажетті жоқ екенін  айтады, жамандыққа төзуге шақырады. Сократ: «Ақиқатпен өмір сүретін адам ешқашанда жамандыққа ұшырамайды» дейді.

Сократ «Ақиқат —   адам  көзғарастары мен пікірлеріне  қарамастан объективті» санайды. Сократ үнемі  пікірталас  тудыра білген  философ, оның пікірі бойынша пікірталас  мақсаты ақиқатты жоққа шығару емес, адамның  көзсіз сеніп келгендеріне күмән тудыру, ойды, пікірді қалыптастыру және осы арқылы ақиқатты табуға талпыну деп санайды. Сократ: «Ақиқатты тартыс  тудырады,  ақиқатқа ой көмектеседі» дейді.  Сократ қоғамдағы мәселелерді адамдардың  пікір ойын білу арқылы  шешу маңызды екенін шәкірттеріне үнемі қайталап отырды. 

Сократ: «Жалғандық — надандықтан туады, жалған нәрсе адамның ойланбауынан, шындықты іздемеуінен» деп  көрсетті. «Жалған іс,  өтірік  сөз адам жанын жүдетеді, зұлымдыққа итермелейді» деген де  дана ойшыл Сократ.

Мемлекет және билік туралы

Сократ: «Білетіндер ғана билік етуге тиіс» деген аристократиялық принципті ұстанды. «Елді билейтіндер алған білімдерімен  емес, өздерінің  терең өмірлік таным -түсініктеріне сүйеніп мемлекетті басқаруы керек» деп санайды. «Білетіндер ғана  билік етуге тиісті» деген ұғым қандай болмасын саяси формаға қатыстылығын айтты.

Саясаттың практикалық мәселелеріне қатысты биліктің басқару құзыры принципін негіздеді, ал теориялық мәселелерде мемлекеттің толық  рухани —   адамшылық сипаты мен мемлекттің мәнін ашуға тырысты.

Сократ  қандай болмасын мемлекеттік форма негізінде  ең басты заңдылық принципін  алға қойды. Басқару формасына қатысты Сократ патшалық және тираниялық, аристократиялық және олигархиялық, дұрыс демократиялық және дұрыс емес демократиялық деп ара жіктерін  ашты. Алдыңғы патшалық — дұрыс, ал тираниялық -дұрыс емес, аристократиялық дұрыс, ал олигархиялық — дұрыс емес деп қорытты. Соңынан бұл жіктеме Аристотелдің өңдеуінде классикалық сипатқа ие алды. Сократ  мемлекеттің тираниялық (қанаушылық) формасын қатты сынға алды, қарсы болды. Ақылды аристократиялық басқару формасын қолдаушылардың бірі болғандықтан Сократ демократиялық, не болмаса мемлекеттің басқару органы халық жиналысы қызметінің тиімділігіне сене қойған жоқ. Оның өзінің себептері де  бар еді, Афинада енгізілген демократиялық басқарудың саяси қоғамдық тәртіптері  ел азаматтарын  ұрлыққа,  жемқорлыққа итермелейтін және демократиялық басқарудың біліксіздігін байқағаннан кейін туындады.

Жоғарыда айтқандай,  Сократ бірінші болып заңдылық принципін енгізді, ол  өмірінің соңына дейін осы принципті  өзі де ұстанды.Сократтың ойы бойынша Заңдылық дегеніміз –  баршаның мемлекет заңдарына бағыну, ал Еркіндік – адам үшін де, мемлекет үшін де ең басты құндылық санады.  Сократ заң алдында: билеушілер де және  оның қоластындағылар да, барлығы тең болуы керек деп санады.

Платонның «Мемлекет» атты еңбегінен

 (үзінді)

Кефал. Кәрілікте адам бойын тыныштық басады, барлық дүниеден босайды; құмарлығы бәсеңдейді, жоғалады, барлық жағынан Софокл сезіміндей көңіл- күй кешеді,  яғни көптеген құмарлықтан арыламыз. Ал осыған байланысты өкініштісі, Сократ ол  үйдегі қолаңсыздық сияқты —  кәрілік емес, Сократ  — адамшылық  қоймасы.   Кім дұрыс өмір сүрсе, айналасына  мейрімді болса, оған кәрілік ауыр емес. Ал  Сократтай болмаған адамға  жастық та, кәрілік те  қиын.

Сократ. Ақындар өздерінің шығармаларын қалай сүйетіндей,  әкесі  ұлын қалай жақсы көретіндей бай адамдарда өздерінің  жиған -терген  байлығын жақсы көреді, олар да  байлығын мұқтажына қарай жұмсайды, олар да  байлықты өздерінің туындысы көреді,  бұндай адамдармен қарым —  қатынас жасау өте қиын: өйткені олар байлықтан басқаны  көрмейді, байлықтан басқаны білгісі келмейді.

Кефал.  Әрине, дәулетті, бай, күйлі адам болғанға не жетсін, бірақ кез- келген адам үшін пайдалы емес, оның ішінде адал адам үшін тіпті  жақсы емес. 

Сократ. Керемет айтылған, Кефал, енді сен осы әділет дегенге  қатысты айтшы: әділдікті жәй шындық деп санаған дұрыс па, әлде қарыздың берісі ме немесе қандай болмасын әрекет бір мезгілде әділ болуы мүмкін де, ал бір мезетте әділетсіз болуы мүмкін бе? 

Полемарх. …Бұл достарыңа пайда ету, ал қастарыңа зияндық келтіру өнері саналады. 

Сократ. Бұның қалай сонда, сеніңше, Гомер мен Симонид бойынша әділет дегенің достарыңа пайда ету де, қастарыңа зияндық етуге бағыттылған ұрлық дегің келе ме?  …Енді осыдан кейін бірімізге біріміз жақсылық істеу керектігін айтудың қажеті бар ма,  егер ол жақсы адам болса оған  жақсылық істеу керек те, ал егер ол жаман адам болса жамандық істеу керек пе?  Яғни, әділ адам  кейбір адамдарға қиянат жасайтыны оған тән қасиет дегің келе ме? Олар егер де  біреуге қиянат жасаған болса адамшылық қасиеттерін  бірден  жояды емес пе? Достым менің, біреуге зияндық жасаған адам міндетті түрде әділетсіз болып шыға келеді емес пе? Ал әділ адамдар әділдік құралы арқылы біреулерге әділетсіздік  жасауы  мүмкін бе? Немесе мүлдем: жақсы адам өзінің адал қасиеттерімен басқаларды керексіз етуі мүмкін дегенің  бе? 

 Фрасимах. Әділет күштіге ғана керек нәрсе. Кез келген мемлекетте билік кімнің қолында болса сол күшті. .. Өйткені, кез -келген билік өзінің пайдасына заңдарды тудырады: демократия – демократиялық заңдарды, тирания – тираниялық заңдарды, басқалары да осындай жағдайда. Заңдарды орнатқаннан кейін, қол астындағы адамдарға заңдарды  әділ деп жариялайды  –  билікке керектісі және пайдасы  осында, өйткені  заңды  бұзғандарды билік өзі тудырған заңдармен әділдікті бұзғандар ретінде қудалайды. Қадырлі Сократ, мен Сізге мынаны айтқым келеді: барлық мемлекетте  ақиқат деп бір нәрсені айтады, ол —  билікке қажетті шындықты айтады.

Сократ. Егер де мемлекет жақсы адамдардан ғана тұрса, онда  көптеген  жақсы  адамдар ел басқарудан бас тартар еді. Осыдан анық болатыны, өйткені шын мәніндегі билеуші өзіне керектісін емес, халыққа керектісін іздер еді, сондықтанда шама шарқы жеткенінше ойланатындар өзінің біреуге пайда жасағанынан гөрі, өзгелер оған пайда тигізгенін қалайды. Мен Фрасимахтың әділет  күштіге ғана керек дегенімен мүлдем келіспеймін….

 Жаңа ғана туып келе жатқан мемлекетті ойша көз алдымызға елестетейік, әрине оның бойында әділетсіздікте және әділдікте тұнып тұр делік, әркім өздіктерінен қажеттін  қанағаттандыра алмайды, сондықтан адамдар бірі — біріне сүйене отырып, біріне-  бірі көмектесе жүріп өздерінің қажетін біріге отырып  жетеді екен. Қажеттілік мұқтажын көре отырып, өздеріне көмектеседі, өздеріне қол ұшын созады, адамдардың бұндай қажеттілігінен туған бірлестікке, біздіңше мемлекет деген атау алады, солай емес пе?!  Олай болса, басынан бастап, ойша болса да енді мемлекетті құрып көрейікші, одан менің бірінші көретінім, мемлекет деген —  адамдардың қажеттіліктері мен армандары екен….                                                                                                        

Интернет материалдарынан  аударып ұсынған Салауат Кәрім

Abai.kz

Әбу Насыр әл-Фарабидің нақыл сөздері мен ғибратты ойлары

Жинақ Әбу Насырдың әл-Фарабидің әр жылдары жазған бірқатар еңбегінен алынған.

Хакімнің ол дүниелері кезінде Джамал ад-дин әл-Қифти (1167-1248), Ибн Әби Усайбиға (1203-1270) тізіп берген ең­бект­ері ішінде шынында да бар. Жинақ­қа үңілейік. Оны құрастырушылар Ж.Сандыбаев, Ы.Палтөре данышпан­ның нақыл сөздерін «Адам», «Қоғам», «Өркениет» деген үлкен үш тарауға бөлген. Әуелі Әбу Насырдың өлмес, өшпес еңбегінің араб, сосын қазақ, одан кейін орыс тіліндегі аудармаларын берген. Әуелі басты тақырып «Адам» мәселесіне тоқталайық. Мұнда Әбу Насырдың адам баласы толыққанды адам болу мәселесін сөз ететін 44-ке жуық даналық ойлары жинақталған. Адам адам деген ардақты атқа жету жолында «бақытқа жетелейтін ұстазға мұқтаж». Өте орынды айтылған. Сондай-ақ «адам білімді және тәжірибелі болмай тұрып, көптеген нәрсені терістеп, негізсіз деп табады, оларды абсурд деп ойлайды, ал ғылымды меңгеріп, тәжірибесін молайтқан шағында ол үшін олар қажетті нәрселерге айналады. Сөйтіп өзі бұрын абсурд деп ойлаған атына қайран қалады», дейді Отырарлық данышпан. Бұған алып, қосар ештеңе жоқ қой деп ойлаймын.

«Адам білімді болу үшін оқу мен білім­ге атүсті қарамайды» деген Әбу Насыр әрі қарай өз ойын «Адам оқуға атүсті қа­ра­­мауы керек. Сократтың шәкірттері бол­­ған, Платон мен Аристотельде де шәкірт болған. Өйткені ғылым – көмі­ліп жатқан қазына, оған Алла жолын жеңілдеткен адам ғана қол жеткізе алады», деп тұжырымдайды. Отырар перзенті тағы бір нақыл сөзінде «білімге жетуі ең кемел болған адам ең жоғары рахатқа ие болады. Жаны ең кемел әрі ізгі білімге жеткен адамның алатын әрбір рахаты ең толық әрі кемел рахат саналмақ» дейді. Әбу Насыр әл-Фарабиді адам баласының жетілуі, нағыз адам деген атқа лайық болуы әрқа­шан толғандырған. Оны бұл мәселе грек ғалымдары Сократ пен Аристотель сияқты үнемі терең ойға жетелеген.

Адам іздену, ғылым, білімге ұмтылып, жетіс­тікке жетуі үшін шынында да оны зерт­тей және терең пайымдай алуы қажет. Осы ізденіс жолында ол «олардың кей­бірі­нің сенімді және мығым, ал кейбі­рінің әлсіз және маңызсыз екендігін көреді». Сол себепті де адам баласы білімге ұмты­лыс кезінде мақсатын айқындай алуының ма­ңызы зор. Себебі «адам өзі үшін қажетті және өзі үшін міндетті етуі тиіс білім – нақты білім». Сондай-ақ «адам ең жоғар­ғы кемелділікке жету үшін оның мінезі мен табиғаты және әрекеттерімен бірге тағы практикалық және теориялық ойлау күштері қажет». Бұл дәл де орынды айтылған пікір.

Адам ғылым, білім жолында адас­пас үшін не керек? Ол үшін Әбу Насыр әл-Фараби «адамның ақыл-ойы өзінің кемелдік шегіне жетсе, онда мәні бойынша [әрекетшіл] ақыл-ойдың мәніне жақын болады» деумен қатар «адам бақытты тек теориялық ақыл-ой күші арқылы ғана танып-біледі, басқа ешқандай күш арқылы емес» дейді. Адам баласының негізгі мұраты игілікті іс істеп, бақытты өмір сүру десек, Әбу Насыр әл-Фарабидің бұл мәселеде де өзіндік айтар-берері бар. «Егер адам бақытқа жетіп, танып, бірақ оны өзінің мұраты қылмаса, оны көңілі қаламай немесе селқос қараса, сөйтіп өзіне басқа нәрсені өмірлік мақсат қылып, соған жету үшін бар күшін салса, онда бұдан абсолют зұлымдық туады» немесе «Егер адам өмірінің мақсаты бақытқа – ең жоғарғы кемелділікке жету болса, онда ол қабілетіне сәйкес соған жетуіне көмегі тиетін нәрсенің бәрін алуы тиіс», дейді. Абай да бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық болуды айтқан. Соған қарағанда бұл шығыс даналарының бәрі ұстанған басты қағидалар деуге болады.

Бақыт туралы 10 жерде сөз еткен ол адам өзі жеке дара кемелділікке жетіп, ба­қыт­ты бола алмайтынын, адам баласы өзара ықпалдаса, біріне-бірі сүйеу, медеу бола білуі арқасында ғана биік белеске шыға алатынына көңіл бөле келе «әрбір адам өзінің шамасына қарай кемелділікке жетуі үшін басқа адамдардың қоршауында болуға және солармен бірігуге мұқтаж» дейді және «адам жаратылысынан өзі тектес қауым өкілдерінің арасынан пана іздейді, солардың қоршауында тұруды көздейді», сондай-ақ өз ойын «бақыт дегеніміз – абсолюттік ізгілік» дей отырып «шын бақыт деген – бұл ізгілік, сұлулық пен жақсылық, ал осыдан басқаның барлығы зұлымдық, жамандық пен күнәһарлық» деп түйіндейді.

«Кейбір адамдар бақытты байлық деп есептейді, басқалар бақыт деп рахаттануды айтады, кебіреулер билікті бақыт деп санайды, енді басқалары бақыт деп ғылымды айтса, бағзы біреулер бақытты басқа нәрсе деп таниды». Осылай Әбу Насыр бұл мәселеде таңдауды адамның өзіне қалдырады. Бірақ ол шын бақытты байлықтан, рахаттан іздемеуге шақырып тұрған сияқты. Біле білгенге ізгі ойлы, игі мақ­сатты ғылымнан тап деп тұрғандай. Әбу Насырдың өзі де бақытты ғылымнан тапты деп ойлаймын.

Әбу Насыр әл-Фарабидің тағы бір нақыл сөзі кімді болса да ойлантпай қой­майды. Ол «қайсыбір салада оң нәти­же­ге қол жеткізуге қабілеті мол адам қабілеті жоқ адамға басшы болады» дейді. Қолыңнан келмейтін істе, білімсіздерге білімді адам жетекшілік етуі керек деп есептейді үлкен ойшыл. Оның бұл сөзінің дұ­рыстығына ғылым, білім саласын алар бол­сақ та көз жеткізуге болады. Мен руха­ният саласынан оқу, ғылым саласына кел­ге­лі 7 жыл ішінде 5 министр, 5-тен астам ғылым комитетінің төрағалары ауысты.

Бұл ойланарлық жайт емес пе? Әбу Насыр «біз нақты сенімді болмағандықтан жақ­сы деп ойлап жүрген адамымыз сұм­пайы әрі өтірікші болып шығуы мүм­кін немесе өзімізді алдап, мазақ етіп жүр­­ген адамды білмей қолдап жүруіміз де ықти­мал» дейді. Бұл өмір көрген тәжіри­бе­лі адамның сөзі.

Ислам діні ұстаз және тәрбие арқылы алған білімде қайыр бар деп есептейді. Осы пікірді Әбу Насыр әл-Фараби де айтқан. Ол «Адамның барлығы бірдей жаратылысынан «бақыт» ұғымын және білуі тиіс басқа да нәрселерді біле бермейді». Ол үшін ақылгөй ұстаз әрі тәлімгер керек» деп есептейді. Әбу Насыр сондай-ақ «адамдар ішіндегі ең таңдаулы жан бірінші басшы болуға тиіс, ол тегінде, көпшілікке қажет деп есептелетін біліммен әсте шектеліп қал­майды» деген Отырар ойшылы білім алуда шек жоқ, ұмтыл, білім ал, білімің кемел болсын дейтін сияқты.

Осы бөлімде ол адамдағы ақыл күші, жүрек сезімі, ашу мен қатыгездік, көркемдік секіл­­ді мінез кемелділігі, ождан, ізгі қа­сиет­­тер, мырзалық, қарапайымдылық, ұстам­дылық, қайырымдылық, пәктік, мате­рияны да сөз еткен. «Егер адам өз бо­йында жоқ нәрселерді қалауынша өзіне таңа беретін болса, онда ол адамда көлгір­сушілік пайда болады» деу арқылы ол жалған мақтангершілікті, атақ­құмар­лықты, даңғойлықты айтып тұрған жоқ па? Сондай-ақ ол мемлекет қайраткері бойында болуы тиіс нәрсеге де тоқталған.

«Адам» тарауы Әбу Насыр әл-Фарабидің «адам­ға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім адам­зат­тың қас жауы» деген даналық сөзімен аяқ­талған.

Ол ұстаз жайлы: «Ұстаздық мінез-құ­лық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек. Өйткені тым қаталдық ш­ә­кіртті өзінің ұстазына қарсы қояды. Ал тым ырыққа көне беру ұстаздың қаді­рін кетіреді. Оның берген сабағы мен ғылы­мына шәкірті селсоқ қарайтын болады», дейді. Бұл айтылғандар ұзақ жылғы ізденіс, ұстаздық жайлы ойлану-тол­ғанудан туғандағы сөзсіз және ол бүгін­де­рі де өзекжарды деп ойлаймыз.

Әбу Насыр әл-Фарабиді адам тәрбиесі оны жетілдіру, рухани байыту әр кез тол­­ғандырып отырған. Бұл ретте ойпаз «Ұстаз тарапынан барынша ынта мен та­бан­дылық қажет. Өйткені бұлар жұрт айт­қандай тамшысымен тас тесетін бей­не­бір су тәрізді» деген тұжырым жасайды. Бұдан асыра, бұдан тереңірек айту кез келгеннің қолынан келетін іс емес деп ойлаймыз.

«Отағасы отбасы мүшелерінің тәрбие­ші­сі әрі ұстазы болғаны секілді басшы да ха­лықтың тәрбиешісі әрі ұстазы.

Дәл сол сияқты балалар мен жасөспірімдерге жа­­уапты адам олардың тәрбиешісі һәм ұстазы. Міне, бұлардың бәрі мейірім және иландырумен тәрбиелесе, енді бірі басқасын мәжбүрлеу арқылы тәрбиелейді. Басшы да осылай тәрбиеленуі тиіс» дейді ол тағы бір беттерде.

Отырар ойшылының «Қоғам» жайлы ойлары да орнықты екендігін айтқан жөн. Ол алдыңғы бөліммен үндес. Мұнда ғы­лым, парасат, этика, мырзалық, сараң­дық, ысырапшылдық, ізгілік, мейірбандық се­кілді т.б. адам бойындағы қасиеттер тілге тиек болған.

Иә, ұлы ойшылды қоғам мәселесі де ешуақыт бейжай қалдырмаған. «Адам қо­ғамы ұлы, орташа және шағын қоғам­дар­ға бөлінеді. Ұлы қоғам дегеніміз – бірімен- бірі біріккен және біріне-бірі көмек көр­се­тетін көп халықтың жиынтығы. Орта­ша қоғам дегеніміз бір халық. Шағын қоғам – бір қаланың төңірегінде топтасқан қоғам. Қоғамның осы үш түрі кәміл қоғам болады» дейді.

Басшы және басқару. Басшы деген кім? Кім басшы бола алатыны мәселе­сі­не ол «басшы – басқаға үйретіп, жол көр­сетуге құдіретті адам» деп жауап бе­р­­е­ді. Сондай-ақ «басқарудың екі түрі бар» дейді ол, «бір түрі шын бақытқа жеткізетін әрекеттерді, мінез-құлықты, ерік қасиеттерін нығайтады және бұл ізгі басқару. Осындай басқаруға бағынатын қалалар мен халықтар ізгі қалалар мен халықтар болып саналды». Мұндай жолдарды Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы» атты атақты трактатынан оқимыз. «Қоғам» тарауының тағы бір жерінде отырарлық кемеңгер «басқарудың екінші түрі қалаларда шын бақыт болып саналмайтын қиялдағы ба­қыт­­қа қол жеткізетін әрекеттер мен қа­сиет­­терді нығайтады, мұндай басқару надан басқару болмақ» дейді. Әділ басшы, әділетті де ізгі қоғам жалпы адам баласы да, ғалымдар мен ойшылдар да ғасырлар бойы армандап келе жатқан жайт. Оның қоғам түрлеріне берілген осындай анықтамасы да, әрине қызық.

Халық. Данагөйдің бұл мәселе тура­лы айтқаны да көңіл аударарлық. «Бір ха­лық­тың екінші халықтан мынадай табиғи айырмашылығы бар: табиғи жаратылысы, табиғи мінез-құлқы және үшіншісі – сөйлейтін тілі».

Бақыт мәселесіне ол бірнеше рет қай­рылып отырған және бақытқа жетуді ол қайырым­дылықпен байланыстырған. «Қайырым­дылық бақытқа жету үшін қа­жет» деп санайды Әбу Насыр әл-Фараби.

Ал қайырымды қоғам деген не деген сауалға ол: «халқы өзара бақытқа жеткі­зе­тін нәрселер үшін бір-біріне көмек беретін қоғам – қайырымды қоғам. Бақытқа қол жет­кізу үшін қалалары бір-біріне көмек көрсететін үмбет – қайырымды үмбет» деп жауап берді. Ал адам баласының ба­қыт­қа жетуіне не кедергі дегенде ол «зұ­лымдықты» атайды. Осы ойды ол «қала­лар мен халықтарда зұлымдық жойылғанда ғана бақыт орнайтынын» айтқан және де «егер қайсыбір қала тұрғындарының іс-әрекеті бақытқа жетуге бағытталмаған болса, онда ол жамандыққа ұшырайды» дейді. Сол себепті кез келген бақытты өмір­ге қол жеткізу үшін халқын, қоғамын адал еңбек етуге жетелеуі керек» дейді ол.

Зұлымдық адам баласының және жал­пы қоғамның қас жауы екенін бәрі біледі. Сол себепті Ұлы дала перзенті «қала­лар мен халықтарда зұлымдық жойыл­ғанда ғана бақыт орнайды» деп санай­ды. Мем­ле­кетті, қаланы, жалпы елді бас­қа­ратын патшаға, сұлтанға, рухани басшы яғни имамға, қазіргі тілмен айтқан­да президентке, министр мен әкімге бірінші басшы болу үшін төмендегідей қасиет­тер болуы керек деп есептейді отырарлық дана:

«Бұл адам – имам, ізгі қаланың бірінші басшысы. Мұндай жағдайға тек бойында жаратылысынан дарыған он екі қасиеті бар адам ғана жете алады:

1) осы қасиеттердің бірі – оның мүше­лері кемшіліксіз және сау болуы, бұл мүше­лердің оны және өздеріне қатысты әрекеттерді жасауға қабілетті болуы;

2) ол өзіне айтылған бар нәрсені жақсы түсініп, қабылдау қабілетіне жаратылысынан ие болу керек;

3) түсінген, көрген, естіген, қабылдаған нәрсесін есінде сақтауға қабілетті болуы қажет;

4) көкірек көзі ояу, өте ақылды болуы тиіс;

5) осындағы нәрсені толық жеткізе алатын көркем сөйлеу қабілеті болуы қажет;

6) үйренуді, ізденуді сүюі керек, оған өзін арнауы керек, үйренудің қиыншы­лық­тарын жеңіп, қиындықтарға сабыр етуі тиіс;

7) дұрыстықты, дұрыс адамдарды сүюі керек, жалғанды және өтірікшілерді жек көруі қажет. Рухы биік және намысты болуы тиіс;

8) Ішіп-жеу мен жыныстық ләззатқа ұмтылмайтын, оларды қаламайтын адам болуы керек. Құмардан бойын аулақ салып, ондай нәрселерден туындайтын ләззатты жек көруі қажет;

9) рухы биік болуы керек, намысты, жомарттықты сүюі керек, рухы жаман және төмен нәрселерден жоғары болуы тиіс, ең жоғары нәрселерге қарай ұмтылуы керек;

10) күміс, алтын және сол секілді дүниелік нәрселерді елемеуі қажет;

11) әділетті және әділ адамдарды сүйіп, қы­сым мен зұлымдықты және осыларды іс­тей­тіндерді жек көруі керек;

12) істелуі міндетті деп тапқан нәрсеге байланысты жігерлі, шешімге берік болып, қорқыныш пен әлсіздік танытпай, батылдықпен оны жүзеге асыруы керек.

Шын бақыт деген не? Жұрт оны қалай тү­сінеді. Ол турал Әбу Насыр: «шын ба­қыт деген – бұл ізгілік, сұлулық және жақ­сылық, ал осыдан басқаның барлығы зұ­лымдық, жамандық және күнәһарлық» дейді. Осылардан ол қашанда қашық болуға шақырады.

Әбу Насыр әл-Фараби трактаттарында әсі­ресе өркениет мәселесіне де ерекше мән берілген. «Философияның мәні мен маңызы – болмысты зерттеу» деген ол әрі қарай «Платон мен Аристотель – философияны жасаған екі данышпан. Олар философияның бастамасы мен негізін қалап, оның кейбір салаларын со­ңына жеткізіп тәмамдады. Дара мен жалпыда, ұсақ және маңызды мәселелерде осы екеуіне сілтеме жасалады» дейді де, ғылымның зерттейтін объектілері мен пәні не метафизикалық, не физикалық, не логикалық, не математикалық немесе саясат өнері болады. Ал философия олардан нәтиже шығарып, барлығын қорытып отырады. Сөйтіп әлемде философияның қатысы болмаған зат қалмайды» деп нағыз философ, хакім данаша сөйлеп кетеді.

Философияны Отырар ойшылы «бар­лық ғылымның әуелгісі» санайды. Ал фило­­софияның мәні мен мазмұны не деген са­уалға «болмысты зерттеу, ал мақсаты – адам қабілетінің қабілеті кеткенше болмысты тану» деп есептейді.

Жаратушы Иеміз Алла Табарака уа Та­ға­ла туралы: «Ол – Жалғыз, Ақиқат бар­лығын Жаратушы. Онда пайда болу да, жо­ғалу да жоқ» дейді:

«Аристотель логика ғылымын дамытты әрі Платон бастаған философияның басқа да салаларын толықтырды», «Пла­тон мен Аристотельдің зерттеулері сырт­қы көріністе әртүрлі болғанымен, мақ­сат­та бір» дейді. Шынында да солай. Әбу Насыр әл-Фараби осындай көне грек ойшыл­дарының шығармаларына түсін­дір­ме жасады. Ол өмір сүрген кезде түсін­дірме жазу, жасау ғылымның өзекті бір са­ласы болатын.

Мемлекет басшысы қандай болуы керек? Бұл мәселеге де ол қайырыла соғып отырған. Әбу Насыр әл-Фараби: «басшы – бас­шыға үйретіп, жол көрсетуге құдіретті адам» және де «абсолюттік мағынада бірін­­ші басшы дегеніміз – басқа біреудің ба­­шылығын мүлдем керек ет­пейтін, ғы­лымы мен білімінің жетілгені сонша – бұл жөнінде өзіне жол көрсететін басқа адам­­ға мүлдем тәуелді болмайтын адам» деп ой қорытқан. Сондай-ақ ол: «бұ­рынғы халықтардан жазылып келген заң­дардың негізінде қаланы билеуші әкім – жал­ғас­ты­рушы әкім» дейді.

«Әділ (абзал) патша. «Құлқынның құлы болмай, (құлқынын) тыйып ұстаған патша – ең ізгі (абзал) патша», «Патшаларға жа­қын­дастыратын ең жақсы нәрсе екі түр­лі болмақ: күлімсіреген жүз бен асты тарта жеу». «Патшалар немқұрайдылық таныт­пау­ға тиіс үш нәрсе: қалың жұртты (қара халықты) қорғау, әділетсіздікке жол бермей, жіті бақылау жасау, істерінің басы-қа­сына игі жақсыларды (салих адамдарды) жи­нау (таңдау)» дейді.

Әбу Насыр әл-Фарабидің жоғарыда ар­на­йы сөз болған даналық сөздері, ой мен ғиб­ратты сөздері Отырар перзенті шы­ғар­маларымен сусындағысы, ол жайлы та­ным білігін тереңдеткісі, ілім-білімінен үй­ренгісі келетіндерге мол мағлұмат, тың сер­пін беретіндігі сөзсіз.

Бұл еңбек cөйтіп асыл баба мұрасымен хал­қын тағы бір рет қауыштырған ғиб­рат­ты да өнегелі, есте сақтар іс болды.

Әбу Насыр әл-Фараби руханият пен түрлі ғылым салаларын өзара ұштастыра, үйлестіре терең ой қозғап, салиқалы ой-пікірлер айта білген Ұлы даланың шын мәніндегі қайталанбас дара тұлғасы.

Осы күндері құндылықтар өзгеріп, капитал атқа мініп, ғылым, білімге деген ұмтылыс, талпыныс азайған, жұрт ғылым, білім үйренуде кім үлгі болуы керектігі мәсе­ле­сі күн тәртібіне көтерілген кезде, тіл үй­рену, ғылым, білім, алуда жастарымыз ғана емес, жасампаздарымыз үшін де Әбу Насыр әл-Фараби бізге адастырмас бағдар бола­тын нағыз жарық жұлдыз.

Әбу Насыр ұлы ғалым, терең пайым, парасат иесі болғандықтан да ғы­лым мәселесіне тереңірек үңілді, оған аса мән бере қарады. «Ғылым екіге бө­лі­неді: біреуінің мақсаты ізгілікке жету, екін­ші­сінің мақсаты пайдаға ие болу» (кенелу – Ә.Д.) деген ол әрі қарай мақсаты тек ізгі­лік­ке жету өнері философия деп атала­ды және ол абсолют мағынада – адами да­на­лық» дейді.

Философтарды ол жалған өресіз, дүм­бі­лез деп бөледі.

Әбу Насыр әл-Фарабиді, сондай-ақ мі­нез мәселесі де қызықтырған. «Жаман мінез-құлық – рухани дерт. Бұл дерттен айығу үшін тән кеселін емдеуде қол­да­на­тын дәрігердің тәжірибесіне еліктеуің керек» деп есептейді. Ұлы ұстаздың осы­лай тәрбие мәселесін бірінші орынға қой­ға­нына риза боласың.

Әбу Насыр әл-Фарабидің өсиет сөздері тек осылармен шектеліп қалмаған. Ол сондай-ақ әдеп, әдептілік, сабыр ету, кісіге жақсылық жасау, әділдік, қызғаныш, ақыл, опасыздық, надандық, жәбір көрсету, ұят, ашу, әзіл, құлқының құлы болмау, адал достық мәселесін де сөз етуді ұмытпаған.

Жақсылық. «Жақсылық жасаған адам жа­сағанын сол сәтте ұмытуға тырыссын. Жақ­сылық көрген адам оны ешқашан есі­нен шығармасын», «Адамға жақсылық етсең қарымта күтпе» деп ескертеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *